Қашықтықтан оқыту технологиясы

2020 жылдың 10 сәуірінде биология кафедрасында «Ғылыми апталықтың» аясында жоспарланған «Жас маман» ғылыми үйірмесінің «Оқыту үдерісін ұйымдастырудың бір түрі-қашықтықтан оқыту технологиясы» тақырыбында ZOOM платформасында, үйірме жетекшілері Р.Н.Бисалыева, Ж.Ж.Кукеновтердің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге кафедраның ПОҚ, оқу-әдістемелік бөлім әдіскері К.О.Сулейменова, кафедра филиалдары №69 мектеп директоры А.А.Абжалелова, «Ақтөбе гуманитарлық колледжі» директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Б.М.Жамекова, үйірме мүшелері, «Жас педагог мектебі» тәлімгерлері, «Үйрен-бөліс» жобасының білім алушылары қатысты. №69 мектеп директоры А.А.Абжалелова «Орта мектепте қашықтықтан оқытудағы тиімді платформалар» жөнінде айтып, онда қамтылған мәселе тәрбие жұмысын ұйымдастыру формалары, ата-аналармен кері байланыс жасауда тиімді платформаларды атап өтті. Колледж орынбасары Жамекова Б.М «Кәсіби маман дайындауда қашықтықтан оқыту технология мәселелері» – нің өзекті тараптарына және аталған технологияны оқыту нәтижесінде бүгінгі күні оқу процесінде қалыптасқан жағдайдан ұтымды шығу жолдарына тигізген пайдасына тоқталды. Кафедра меңгерушісі қазіргі уақыттағы ақпараттық-коммуникациялық технологияны оқыту процесіне ұтымды пайдалану үшін, сандық технология сауаттылығын арттыру, оқыту үдерісін уақтылы тиімді өзгертіп отыру заман талабы, қашықтықтан оқыту технологиялары бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі, дөңгелек үстелде талқыланған әдіс-тәсілдердің болашақ педагог мамандар үшін тиімді екендігін айта отырып, үйірмені ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.